ВИЗИТ КАРТОЧКАСЫ
,Анықтамасы:
Визит карточкасы – жеке тұлғаның қызмет орны, аты-жөні, байланыс мәліметтері қысқаша жазылған, ресми қатынас мәдениетіне лайықталған, белгілі бір пішінмен рәсімделген ісқағазының бір түрі.
Визит карточкасы – іскерлік қатынас үшін өте керек ісқағазы.
Визит карточкасының қызметі:
Таныстыру
Байланысу
Іскерлік қарым-қатынас құру
Бірігіп жұмыс жасау
Құрылымы:
Логотипі.
Аты-жөні (тегі үлкен әріппен жазылады).
Тек ресми атқаратын қызметі («Міндетін атқарушы, уақытша орындаушы» деген сөздер жазылмайды).
Ғылыми дәреже немесе әскери атағы.
Жұмыс орнының толық атауы, мекенжайы.
Байланыс телефондары, e-mail, факс.
Түрлері:
Жеке
Коммерциялық мақсаттағы
Мақсаты:
Мәлімет беру
Жарнама жасау үшін
Визит карточкасы (Buziness card) өлшемі 50x90 миллиметрлік қатты қағазда жасалады.
Визит карточкаларының мазмұны бірдей болғанмен, безендірілуі әртүрлі болуы мүмкін.
Визит карточкаларының түр-түсі әр адамның қызмет бабына қарай жасалады.
Карточкаларды рәсімдеуге қойылатын талаптар
- Визит карточкасының көлденеңінен жасалғаны дұрыс, себебі тігінен жазу оқуға ыңғайсыз болады.
- Тегі үлкен қалың әріппен теріледі.
- Міндетті түрде мекенжайы, байланыс телефондары, факс, электрондық поштасы көрсетіледі.
Визит карточкасын беру және алу әдебі (этикеті)
1) Кездесу кезінде визит карточкасын міндетті түрде кездесудің аяғында емес, басында бір-біріне тапсырады.
2) Визит карточкасын ең алдымен жасы немесе дәрежесі кіші адам береді. Ал екеуінің дәреже, жастары бірдей болса, кездесуге мүдделі адам бірінші ұсынады.
3) Визит карточкасын орнынан тұрып тапсырады.
4) Визит карточкасын қабылдағанда: оң қолмен қабылдап, көз тоқтатып қарап (мазмұнымен танысып), алғыс білдіруі қажет.
5) Ер адам – пиджактың төсқалтасынан алып береді.
6) Әйел адамдар – сөмкесінен, қойын дәптерінен (блокнот) немесе визит карточкасын салғыштан алып береді.
Бұл – сыпайылықтың белгісі.
Визит карточкасын беру әдебіне жатпайды:
1) Біреу арқылы беру;
2) Өздігінен сұрап алу;
3) Ұсынылған визит карточкасын елеусіз қалдыру;
4) Визит карточкасын оның иесінің көзінше майыстыру, оған таңба салу, қолда айналдыру;
5) Визит карточкаларын бергенде бірден қалтаға, сөмкеге сала салу.
Визит карточкаларының түр-түсі:
- үкімет құрылымында, сайлау органдарында істейтін қызметкерлер көбіне ақ немесе мемлекеттік ту түсімен сәйкестендіріп жасайды;
- қаржы бөлімдерінің, банктердің қызметкерлері сенімділікті, орнықтылықты көрсететін ауырлау түспен жасатады. Олар: алтын түсті, металл түсті, қызыл, сұр, күміс, жасыл түстер;
- түрлі дәрежедегі басқару органдарында жұмыс істейтіндер классикалық үлгідегі түстерді (фон – көгілдір, шрифт – қара көк, фон – ақшыл сия түсті, шрифт – сия түсті, фон – ақшыл қоңыр, шрифт – қара қоңыр т.б.) қалайды;
- әртүрлі мамандық иелері өз қалауына қарай жасатады. Мы- салы, теңіз, әуе жолы қызметкерлері көгілдір түспен жасатса, орман шаруашылығы қызметкерлері өз визит карточкаларының фонын көп жағдайда жасыл түске жақын етіп жасатады;
- полиграфист қай реңкті таңдаса да, шрифт міндетті түрде қара түспен беріледі;
- шығармашылық адамдары визит карточкаларын бірден көзге түсетіндей ерекше етіп жасатуға тырысады. Көбінесе абстракциялық өрнектер, бедерлермен безендіреді;
- ғылыми интеллигенция, ішкі істер министрлігі, қорғаныс министрлігі, мемлекеттік қауіпсіздік комитеті, мемлекеттік құрылым қызметкерлері көбінесе ақ фонмен, шрифтері қара, артық-ауыс белгі, фигуралары, сызықтары жоқ визит карточкасын жасатады;
- қызғылт және қызыл түсті визит карточкалары сирек кездеседі.
Ескертулер!
Кездесуге барған кезде кездесетін адам болмай қалса, белгілі бір жағдайлармен қабылдай алмаса немесе кездесуге келе алмаса, онда карточканың үстіңгі оң жақ бұрышын майыстырады да оны қайта қалпына келтіріп барып, визит карточкасын қалдырып кеткені дұрыс. Бұл сіздің визит карточкасын өзіңіз тастап кеткеніңізді білдіреді.
Визит карточкасы туралы
Жақсы жасалған визит карточкасы – бұл иесінің өзіндік бейнесі. Ал өте жақсы жасалған визит карточкасы – ол оның мини-портфолиосы (ең қысқа жинақталған дерекнама). Визит карточкасының бағалануы – бірінші орында дизайны: фирманың немесе адамның реквизиттері, оның беру тәсілі болып саналады.
Жақсы визит карточкасы не береді?
Жақсы визит карточкасы өзінің түр-түсімен арбайды. Жақсы визит карточкасы – өнердің туындысы немесе маман дизайнердің өнімі. Сондықтан жақсы визит карточкасын мықты дизайнерге тапсыру керек, бірақ бұл арзанға түспейді. Жақсы визит карточкасы сізді тұлға ретінде және іскери серіктес ретінде көрсетеді. Әрбір адам – қайталанбас тұлға.
Визит карточкасын екі тілде жасау керек пе?
Визит карточкасын екі тілде жасау сәнге айналған, ана тілінде және ағылшын тілінде. Мұндай визит карточкасы халықаралық мәртебеге ие болғандықтан салмақты көрінеді деп санайды. Ал бұған қарсы болуға дәлелдер:
1. Екі тілдегі визит карточкасы мәтінге толып тұрады. Бұл әрқашанда композициясын және дизайнын нашарлатады. Мұндай визит карточка- сы – бөлме ішін жиһазбен толтырып қойғандай әсер етеді. Жақсы визит карточкасына негізінен керекті бөліктері – фонның түсі, графикалық суреттеу, қағаз.
2. Екі тілді визит карточкасы екіжақты болғанымен, мәтіні ғана басқа тілде жазылатын тұп-тура көшірмесі. Екіжақты визит карточкасы екі есе қымбат тұрады.
3. Екіжақты визит карточкасының тиражына кеткен қаржыға екі бөлек тапсырыс берген әлдеқайда тиімді. Одан да визит карточкасын екі тілде екі бөлек жасатқан өте тиімді деп саналады. Бір түрін – қазақша, екінші түрін – орысша немесе ағылшын тілінде шығарған дұрыс.
2-жаттығу. Визит карточкасының бір жақты немесе екі жақты болып жасалынатыны белгілі, сіздің ойыңызша, қай нұсқасы дұрыс. Осыған байланысты өз ойыңызды жазыңыз.
Тапсырмалар:
1. Өзіңіздің визит карточкаңызды жасаңыз.
2. Өзіңіздің визит карточкаңызды 10-15 жылдан кейінгі уақытпен шамалап жасап шығыңыз.
3. Сіз «Шабыт» жастар байқауына қатысушысыз. Өзіңіздің визит карточкаңыздың үлгісін жасаңыз.
4. Сіз «Арай» жекеменшік баспасының бас редакторысыз. Өзіңіздің визит карточкаңыздың үлгісін жасаңыз.
5. Сіз «Каспий банкінің» президентісіз. Өзіңіздің визит карточкаңыз- дың үлгісін жасаңыз.
6. Сіз Астана қаласындағы Еуразия университетінің оқытушысысыз. Өзіңіздің визит карточкаңыздың үлгісін жасаңыз.
6. Сіз «Қуат» тұрғын үй құрылысы АҚ президентісіз. Өзіңіздің визит карточкаңыздың үлгісін жасаңыз.
Сөздік және сөз тіркестері:
визит карточкасы – визитная карточка
жұмыс орны – место работы
орналасқан – расположенный
орынбасар – заместитель
бастық – начальник
басшы – руководитель
бастау – начинать
іс – дело
істеу – делать
іскер – деловой (человек)
іскер әріптес – деловой партнер, коллега
іс-әрекет – действие
іссапар – командировка
тарих – история
түрлері – виды
әдебі – этикеты
классикалық – классический
ерекше – особенный
жеке – личный
іскерлік – деловитость