Просмотр содержимого документа
«Сызба негіздері»
Дәріс №1 Кіріспе
Ғылым мен техниканың дамыған дәуірінде техникалық білімді болып саналу үшін адамда ең алдымен графикалық сауаттылық болуы, яғни сызбаларды оқи және орындай білу шарт. Күнделікті өмірде кездесетін бұйымдар, машиналар, құрылыстар туралы қаншалықты мәлімет жазбаша баяндалса да, оларды сызбадағыдай дәл және түсінікті етіп елестету қиын. Міне сондықтан да сызу – техниканың тілі деп аталады. Сызбаларды орындаудың барлық ережелері мен шарттылықтарын меңгеру оларды дұрыс оқып, орындауға мүмкіндік береді.
Стандарттар сызбадағы ережелер мен шарттылықтарды бекітеді, яғни оларды міндетті түрде осы заңдылықтарға сүйене отырып орындаймыз. Сызбаны сызу жолдары дүние жүзіндегі елдердің барлығына бірдей ортақ болғандықтан, мектеп қабырғасында өтетін сызу пəні халықаралық, интернационалдық техника тілі болып табылады. Себебі, сызбаны орындау кезінде үлгі қалып (стандарт) бойынша белгілі тоғыз сызық түрі қолданылады.
Елімізде жəне басқа да мемлекеттерде кез келген бұйым, стандарттар
тағайындаған ережелер бойынша жасалуы тиіс. Себебі дайындалған
сызбаны басқа адамдардың да оқуы үшін жəне сол сызба арқылы бұйым жасап немесе құрылыс тұрғызу үшін сызба бірқалыпты стандарттарға сай орындалуы керек. Стандарт ағылшынның үлгі, өлшем деген сөзінен шыққан. Бұл дегеніміз барлық елдер үшін ортақ құрылған бірыңғай конструкторлық құжаттар жүйесі болып табылады. Ол құжаттар жүйесі мынадай топтарға бөлінеді: жалпы жəне негізгі жағдайы; бұйымдар мен конструкторлық құжаттардың белгіленуі; сызбаларды орындаудың жалпы ережелері; машина жасау бұйымдары мен аспап жасау ережелері; конструкторлық құжаттарды тіркеу, сақтау жəне пайдалану ережелері; бұйымдарды пайдалану жəне жөндеу құжаттарының ережелері; сұлбаларды орындау ережелері; құрылыс жəне кеме жасау құжаттарын орындау ережелері.
Дәріс №2 Пішімдер Масштабтар
Кез келген сызбаны орындау үшін, алдымен стандарт арқылы өлшемдері шектелген сызба қағазы керек, оны «Пішім» деп атайды. Стандарттар ішіндегі сызбаларды орындаудың жалпы ережелері тобының бірінші түрі «Пішімдер» болып табылады. Бұл стандарт бойынша пішімдер негізгі жəне қосымша болып екіге бөлінеді.Негізгі пішімдер бес түрге бөлінеді: А0 - мемлекеттік стандарт бойынша пішімнің ені 841 мен ұзындығы 1189 мм-ге тең болады; А1 – (594Ч841); А2 – (420Ч594); А3 – (297Ч420); А4 – (210Ч297).Айта кететін бір жайт, қажет болған жағдайда А5 (148Ч210) пішімді сызба қағазы қолданылады. Сызбаны сызба қағазына жүргізер алдында пішімге шекаралық сызықтарды тұтас жуан сызықтың көмегімен, сол жағынан 20 мм, оң жағынан 5 мм, төмен жəне жоғарғы жағынан 5 мм арақашықтықта сызып қоямыз (1-сурет). Айтып өту керек, А0 жəне А1 пішімінде шекаралық сызықтар, сол жағынан 25 мм, оң жағынан 10 мм, төмен жəне жоғарғы жақтарынан 10 мм арақашықтықта сызылады. Мөлшеріне жəне орындалатын пішіміне байланысты сызылатын сызбаны
үлкейтіп немесе кішірейтіп сызуға болады. Ол үшін стандарттардағы сызбаларды орындаудың жалпы ережелері тобының екінші түрі «Масштабтарды» қолданамыз.
Нəрсенің сызбада сызылған өлшемі мен оның нақты қолданыстағы өлшеміне
қатынасын масштаб дейді. Масштабтар стандарттардың белгіленуіне жəне
қолданылуына байланысты үлкейтілген, кішірейтілген жəне нақты болып
үшке бөлінеді. Сызбада масштаб сөзі жазылмайды, оның орнына масштаб
сөзінің бас əрпі М ғана жазылады. Мемлекеттік стандарт бойынша белгіленген масштаб түрлері:
- кішірейту масштабы: М. 1:2; 1:2,5; 1:4; 1:5; 1:10; 1:15; 1:20; 1:25; 1:40; 1:50; 1:75; 1:100; 1:200; 1:400; 1:500; 1:800; 1:1000;
- үлкейту масштабтары: М. 2:1; 2,5:1; 4:1; 5:1; 10:1; 20:1; 40:1; 50:1; 100:1;
- нақты масштаб: М 1:1 қолданылады.