Ойын - оқытудың алғашқы құралы ретінде
Игра – как средсво раннего обучения
Алмагүл Долголевец, қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
ЖОМ №43, Павлодар қ.
Баян Сыздыкпаева, қазақ тілі пәнінің мұғалімі,
ЖОМ №43, Павлодар қ.
Члены КазАЧ
Ойын – мектепке дейінгі баланың әрекет етуінің басты үлгісі. Ол барлық жақтан қызықты болу үшін, оны дұрыс ұйымдастыру қажет. Ойын-тек қана үйрету құралы ғана емес, баланың қызығушылығын ояту қажет. Осындай жағдайда ғана ол өз оқу құралы ретінде міндетін атқара алады.
Қазіргі заманымыздың талабы-ерте жастан бастап тілдерді үйрену, әсіресе қазақ тілін. Мемлекеттік тілді үйрету мақсатымен «Сауран» балалар клубында эксперементті топ ұйымдастырылды. Бұл топтың құрамына өзге ұлт өкілдерінің балалары кірді. Балалары ерте жастан бастап мемлекеттік тілді жетік меңгерсе деген ойымен берген ата-аналар. Қазақ тілін үйрену сабақтарында әр түрлі кеспе, перфокарта, суреттер т.б. үйлестірмелі материал қолданып жүрдік. Осы материалмен жұмыс жасаған кезде балалар жаңа сөздерді толық есте сақтамағынына, берген материалды меңгере алмағанына назар аудардық. Біздің тобымызда Никита деген бала бар. Оқу жылының басында ол балаға буын құрастыру, сөзді есте сақтау әрекеттері өте қиын болды. Әрқашан тапсырманы орындаған кезде Никита ешқандай нәтиже болмайды деп қиналды. Осы мәселені шешу үшін, біз өзіміздің балаларымызға беріп жатқан әдіс-тәсілдерімізді қайта қарастырдық. Никитаның анасымен кездесіп әңгімелескен кезде, Никитаның компьютерде танымдық-ойын-сауық ойындарды ұнататынын білдік.
Баланың көру және есту, қабылдау, ықыласын арттыру, сөзді-логикалық ойлау, әр түрлі психологиялық функцияларын дамытуға бағытталған, мектепке дейінгі балаларды оқыту, жоғары нәтиже көрсететін әр түрлі компьютерлік құралдар бар. Біздің клубымыз компьютер және интербелсенді тақтамен жабдықталған, сондықтан біз өз интербелсенді жаттығулар қорын әзірлеуге кірістік.
Мектепке дайындық – өте маңызды кезең! Балаларды мектепке дайындау үшін ойындар қажет. Балалардың ең жақсы көретін ойындарының бірі «Сиқырлы сөздер». Экранның ортасында пайда болатын әріптерден кейін дыбысты қайталау. Қандай әріптер сөз құрайды? Тиісті суретті тауып үстінен тышқанмен шерту. Егер жауап дұрыс болса, сурет пайда болады. Бұл ойын балаларға қазақ тіліне жылдамдыққа және сөзді еске сақтауға үйретеді.
«Ойыншықтар дүкені» деген ойын.Ойынның шарты бойынша қыз бала қандай ойыншық сатып алғанын білу үшін, ойыншықты таңдап, берілген сөзді оқу керек.
Экрандағы қызықты суреттер, жазулар баланың танымдық әрекеттерін, қызығушылығын арттырады. Біздің тапсырмаларда оқуға арналған сөздер буынға қарай әр түрлі түспен бөлінген. Бірінші кезеңдегі оқу техникасын игеру тәжірибесінде жоғарыда көрсетілген әдістер арқылы баланың оқылымын жеңілдететінін көрсетеді.
Осы тапсырмалар негізінде бала жуан және жіңішке дауысты дыбыстарды дұрыс бөлуге тырысады.
Екінші кезеңдегі атқарылған жұмыстар. Дауыссыз дыбыстармен жұмыс жасаудың тиімділігі.
Балалар ДАУЫССЫЗ дыбыстарды ДАУЫСТЫЛАРДАН ажырата білу тиіс. Бұл өте оңай. Дауысты дыбыстарды созып, әңдетіп айтуға болады. Ал, дауыссыздар олай емес, олар созып айтуға келмейді. Мысалы «А» дыбысы – дауысты, оны ұзақ созып айтуға болады. Айтып көрші! «Б» дыбысы –дауыссыз, оны созып және әңдетіп айтуға келмейді.
«Қандай әріптен?» деген ойын. Бұл тапсырма өте оңай. «Ана» деген сөз қандай әріптен басталатынын сен білесің ғой? Әрине, «А» әрпінен!
Бұл ойынның шарты: берілген әріпке сөз табу. Ойын үш кезеңнен тұрады: әр кезеңде бір тапсырма. Ойынның жоғары жағында көрсетілген әріптен басталатын үш затты тауып атау керек. Егер, затты дұрыс тапса, онда ол ойын алаңындағы төртбұрышқа салынады, егер де қателескен болса, сурет өзгермейді және қате дабылы соғылады. Барлық үш төртбұрышты толтырғаннан кейін, келесі кезең басталады. Осы ойындар арқылы баланың жаңа сөздерді қаншалықты меңгергенін тексереміз.
Осындай жаттығуларды қолданғаннан кейін, балаларда қызығушылық пайда болғанын және жақсы нәтижеге қол жеткізгенін аңғардық. Сондықтан, бұл жұмысты әрі қарай өрбітуін, балалардың оқуға деген ынтасын арттыру үшін түрлі қызықты жаттығулар құрастыра бастадық.
Материалды бекіту үшін қарапайымнан күрделіге принципі бойынша тапсырмалар қарастырылды. Мысалы: сұрағы бар сөздерде тиісті «н» немесе «ң» әрпін қою керек. Тапсырманы тексерген кезде дұрыс жауап болса, онда суреттің бір бөлігі ашылады, егер жауап дұрыс болмаса, сурет ашылмайды. Осы тапсырмада қазақ тілінің тән дыбыстарына көңіл бөлінеді. Осындай тапсырмаларда анимация, объектің қозғалуы, түс, дыбыстық сүйемелдеу арқылы элементтердің белгіленуі және өзгеруі қолданылады.
Орталықтағы сабақ үстіндегі үзіндісінің суреті:


Матвей, 5 жас Полина 6 жас
Катя, 5 жас 6 ай
Эксперименттік тобының балалары үлкен экранда көрсетілген ақпаратты жақсы қабылдайды – бұл балалардың елестету қабілетін жандандырады, материалды меңгеруіне қиындық туғызбайды. Мектепке дейінгі балаларды оқыту тартымды және қызықты болады.
Интербелсенді және мультимедиа құралдары балаларды жаңа біліммен қаруландыруға шабыттандырады. Интербелсенді тақта-оқу ақпаратын беру мүмкіншілігін кеңейтеді, баланың ынтасын күшейтуге көмектеседі. Мультимедиа технологиясының көмегімен (түс, кесте, дыбыстар, замануи бейнетехника құралдары) әртүрлі тапсырмалар құрастыруға болады. Мультимедиа бағдарламаларға кірген ойын компоненттері білім алушылардың танымдық әрекеттерін жандандырады және материалды игеруін күшейтеді. Интербелсенді тақта-компьютерлер сияқты оқытудың интербелсенді құралдары балалардың даму диагностикасына көмекші болып табылады. Оқыту ойындары арқылы балалардың ойлау, байқау, зейін қабілеттері дамиды. Оқыту ойындарды ұйымдастырған кезде біз әр баланың көңіліне, оқу мүмкіншілігіне назар аудардық. Экранда жазылған тапсырмалар баланың қызығушылық, танымдық күшін ынталандырады.
Кейбір ата-аналар да клубқа келіп, сабаққа қатысып, өз пікірлерін, бір-бірлеріне жақсы лебіздерін, тілектерін білдірді.
Қосымша білім беру педагогтары туралы ата-аналардың пікірлері


Сабақты ойын арқылы оқыту әдісі баланың жеке жас ерекшеліктеріне сай құрастырылған, олардың дамуына бағытталған.
Сонымен қатар, балаларды қазақ тілінде оқытуда олардың коммуникативтік құзыреттіліктері де байқалды. Бала тілді қатынас құрал ретінде үйреніп жүргенде, ол тек жеке сөз бен сөйлем үлгілерін ғана меңгермей, өзіне берілген үлгі бойынша сөйлем құрастыруға үйренеді.
Сабақ үстінде балаларды бақылай отырып, қарым-қатынас жасай отырып, мемлекеттік тілді үйрете отырып жасаған қорытындыларды осы мақалада баяндадық. Балалар клубында жұмыс істеу бізге ұнайды. Балалардың шығармашылығы мен тілге деген қызығушылығын көргенде, өз еңбегінің жемісін байқап, қуаныш сезім пайда болады. Біздің ойымызша, педагогтың баланы түсіне білуі – оқыту мен қарым – қатынас жасаудағы маңызды шарт. Өзара түсінушілік болған кезде шығармашылыққа, серіктестікке және жоғары жетістікке қол жеткізесін. Әрбір адам өз қызметінде, тұрмысында, адамдармен қарым-қатынас жасағанда-бір қағиданы ұстанады. Балалар мен әріптестерімізді бақылай отыра біз төмендегіні анықтадық:
Егер әрбір баланы әнші, сыныпты оркестр деп санасақ, онда мұғалімнің дирижер болғаны. Оркестрдің жақсы ойнауы, дирижердің кәсіби шеберлігіне және оркестрді басқаруына байланысты. Бұл бәріне айқын. Оркестр мүшелерінің және дирижердің сауатты ойнауы, олардың жан- дүниесінің көңіл-күйі, шығармашылық шабыты және тыңдаушыларға қуаныш сыйлау сезімі – табыс көзі болып саналады.
Балаларға әсіресе, мектепке дейінгі балаларға оқу тапсырмаларын орындауға көмектесу үшін балалардың тәртібін үнемі бақылап отыру керек. Бала робот емес. Үлкен адамның мейірімі, адамгершілік қатынасы кішкентайларды көптеген қиыншылықтар мен реніштен сақтайды. Балаларда әділ және мейірімді адамдарға сенім пайда болады, олардың талап-тілектері мен тапсырмаларын мүлтіксіз орындайды. Сабақта ойындарды қолдану балалардың ақыл-ойының дамуына және қазақ тілінде жылдам оқып үйренуіне көмектеседі. Балалардың ойлау қабілеті дамиды, зейіні жақсарады. Балалар қазақша дұрыс, мәнерлеп сөйлей алады. Оқыту ойындары балалардың бойында тапқырлық, шыдамдылық және қоршаған ортада өзін – өзі ұстау сияқты қасиеттерді дамытады.
Зерттеудің талдауы.
Біздің зерттеуіміздің нәтижелері мынандай, 5-6 жастағы балаларға қазақ тілінде мәтінді ерте оқыту, интербелсенді тақта арқылы түрлі әдістерді қолдануда баланың сөздік қоры артады, оқу техникасы және оқығанды түсіне білу қабілеті дамиды.
Мысалы, 5-6 сабақ бойы «Сиқырлы сөздер» ойынын ойнағанда, осы ойынға қызығушылық болғаннан кейін және балалардың тырысуына байланысты, мәтіннің оқу нәтижесі жақсарды. Оқушыларға белсенді тақтада немесе компьютерде ойнау өте қызықты, ал бұл - өте жақсы нәтиже. Бірлесіп оқу, бірін-бірі қолдау, мадақтау-балалардың коммуникативтік дағдыларын дамытады.
Қазақ тілінде оқыту кезінде біз балалардың ата-аналарын да көмекке шақырып отырамыз. Мысалы, киім деген тақырыппен танысқан кезде балалар мен ата-аналарына өз қолдарымен шағын кітапшалар жасап шығаруға ұсынылды. Балалар өздері сурет салып, әр киімнің атауын қазақ тілінде жазды. Осылайша, балалар алған білімдерін ойын түрінде бекітіп отырады. Балалар жасаған кітапшалар үй жануарлары, жабайы аңдар, қала, отбасы, түстер т.б тақырыптарға арналған. Балалар ол кітапшаларын әкеліп бір –бірімен бөлісіп, оқып, ең үздік кітапша байқауына қатысып отырады. Осындай жұмыстар балалардың қызығушылықтарын арттырады. Мәнерлеп оқу байқауын да өткіздік, балалар қазақ тілінде оқу дағдыларын және өз білімдерін көрсетті.
Балалар ұсынылған сөйлемнен, өлеңдерден үзінді оқиды. Балалар қала көшесінде дүкеннің, дәріхананың немесе жарнаманың жазуын өздері қазақ тілінде оқи алатын нәтижеге қол жеткізді. Ата-аналар балаларының қазақ тілінде кітапшаларды оқуға деген қызғушылықтары бар екенін айтады. Сондықтан, ата-аналарға қазақ тілінде кітапшаларды сатып алуға ұсындық. Өз клубымызда ата-аналармен бірлесіп, кітап бұрышын аштық. Өз сабақтарымызда мәтінді оқу үшін, қазақ халық ертегілерін, өлеңдерін, жаңылтпаштарын жиі қолданамыз. Бұл қазақ тілін оқытуға тағы да бір қызықты форма болып табылады. Біздің жұмысымыздың нәтижесінде «Сауран» клубының балаларын қазақ тілінде ерте оқыту әдісі, олардың қазақ тіліне деген сүйіспеншілігін арттырады. Мәтін оқу, шығармашылық жұмыс арқылы балалардың ой-өрісі кеңейді. Осы балалар бірінші сыныпқа барған кезде, оларға қазақ тілінде оқуға, жазуға өте жеңіл болады деп сенеміз.
