Ашық тәрбие сағатының: Дос және достық
Ашық тәрбие сағатының мақсаты:
Достық сезімді бойларына сіңіріп, оған басшылық жасай білуге тәрбиелеу, досқа деген адалдық, шексіз ықылас сезімдерін бағалай білуге және адал достықты жалған достықтан айыра білуге тәрбиелеу.
Ашық тәрбие сағатының түрі: топтық сайыс
Көрнекіліктер: А3, мультфилім кейіпкерлері, күн шуақтары, гүл шоқтары, тақырып.
Ашық тәрбие сағатының жүру барысы:
1.Ұйымдастыру кезеңі.
Психологиялық дайындық.
Сәлем досым / амандасады/ -
Сен қалайсың? / иықтарын қағады/ -
Қайда болдың? / құлақтарын тартады/ -
Сен келдің? / қолдарын жаяды/ -
Мен сені сағындым / қолдарын жүректеріне қояды/ -
Досым саған ризамын /құшақтайды/
Мұғалімнің кіріспе сөзі:
Жарайсыңдар, балалалар!
Досы көптің жаны семіреді
Асы көптің тәні семіреді, -деген нақыл сөз бар. Сендер дос, достық деген ұғымның мағынасын терең ажырата біліп, өмірде өздеріне сыйлас дос, сырлас дос таба білсін деп, бүгінгі сабағымызды осы тақырып төңірегінде өрбітпекпіз. Бүгінгі сабағымыздың тақырыбы «Дос және достық»
Сыныпты екі топқа бөлу. «Достық» және «Сыйластық» тобы.
Сайыс шарттарымен таныстыру.
1-сайыс: Халық айтса, қалып айтпайды.
Мақал-мәтел сайысы.
Шарты: Әр топ достық туралы мақал-мәтелдер айтып жарысады. Көп мақал-мәтел айтқан топ жоғарғы ұпай алады.
2-сайыс: Досым қайда?
Шарты: Мұғалім әр топқа А3 форматтағы қағаз және мултьфильм кейіпкерлерін береді. Оқушылар әр мультфильм кейіпкеріне өз досын тауып, жапсыру қажет.
3-сайыс:
Жағдаят. Достық тобына
Жақсы дос
Қанат конькиін аулаға қалдырды да, өзі тамағын ішуге үйге кетті. Тамағын ішіп отырып ол конькиін Маралдың теуіп жүргенін көрді. Қанат ашуланып, аулаға жүгіріп шықты. «Қазір оның сазайын тартқызамын, біреудің затын сұрамай алушы болмасын» деп ойлады.
Ашулы күйінде жетіп барды, тіпті жұдырығын да түйіп алған.
Ал Марал оны көрді де, «Танысып қой, Айдар, бұл менің ең жақсы досым Қанат» деді. Қанат ұялып қалды,
Сұрақ:
-Қанат не себептен ұялды?
Сендер қалай ойлайсыңдар?
-Қанат ендігі жерде балалар сырғанау үшін өз конькиін бере ме?
Жағдаят. Сыйластық тобына
Алғашқы жауын жауғанша
Данамен Бота тату дос болатын. Олар мектепке де бірге баратын. Бірде олар мектепке келе жатқанда жаңбыр жауып кетті. Дананың үстінде плащы бар еді, ал Бота көйлекпен ғана болатын.
-Плащынды шеш, екеуіміз бірге жамылайық! - деді Бота.
- Шеше алмаймын, үстім су болады ! –деді Дана.
Мектепке келгенде мұғалім «Дананың үсті құрғақ, сен неге малмаңдай сусын. Неге бұлай? Екеуің бірге келмедіңдер ме?» деп сұрады.
-Дананың плащы болды, ал менде көйлек қана болды»-деді Бота.
-Екеуің бір плащты жамыла алатын едіңдер ғой. Сендердің достықтарыңның алғашқы жаңбыр жауғанша ғана екені көрініп тұр –деді мұғалім. Екі қыз да ұялғанынан қып-қызыл болып кетті.
Сұрақ:
-Дана мен Бота неліктен ұялды.
-Сен Дана туралы не айтар едің?
Сергіту сәті.
«Жақсы» тақырыбындағы ширату - ойынын ойнауды ұсынамын (балалар шеңберде тұрады):
Күннің шыққаны жақсы ма? (күнді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Желдің соққаны жақсы ма? (желді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Достарыңмен жүрген жақсы ма? (адымдайды)
Анаңды құшақтаған жақсы ма? (өздерін құшақтайды)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Туған өлкеде жақсы ма? (құшақтарын жаяды)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Үйіміз бар жерде жақсы ма? (үйді бейнелейді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Биде айналған жақсы ма? (айналады)
Жақсы! (алақандарын соғады)
Қазақстандық болған жақсы ма?
(бас бармақтарын көрсетеді)
Жақсы! (алақандарын соғады)
4-сайыс: Достық жырлайды.
Шарты: Әр топтан 2 оқушыдан шығып, достық туралы тақпақ жолдарын айтады. Мәнерлеп айтуына қарай бағаланады.
5-сайыс: Менің ойымша... тренинг
1-ші топқа күн шуақтары, ал 2-ші топқа гүл шоқтары беріледі.
Әр топ берілген заттардан бейне құрастырып жапсырады. Әр топтан бір оқушы шығып суретті қорғай отырып, «Дос» деген сөзге қандай қасиеттерді жатқызуға болатыны туралы ойларың айтып шығады.
Қорытынды: Әділ-қазылар шешім шығарып, жоғарғы ұпай алған топты марапаттайды.
Ойын: «Ренжістік, достастық»
Балалар, бүгін біз « Ренжістік, достастық » ойынымен танысып, ойнаймыз. Менің өтінішім бойынша сендер:
• «РЕНЖІСТІК» дегенде бір-бірлеріңе қарама-қарсы бұрылып, саусақтарыңды безейсіңдер.
• «ТОҚТА» дегенде бір-бірлеріңе арқаларыңмен бұрыласыңдар.
• « ДОСТАСТЫҚ » деген бұйрық берілгенде қол алысып, күлімдеп өз құрбыларыңа сүйіспеншілік туралы ізгі сөздер айтасыңдар.
Пікір алмасу.
- Сендерге ойын ұнады ма?
- Татуласу ше?
- Татуласқанда қандай көңіл-күйде болдыңдар? /қуанышты, бақытты, көңілді/
- Ал, сендерге ренжіскен ұнады ма?
- Ренжігенде қандай көңіл күйді сезіндіңдер? /уайымды, қайғыны, көңілсіздікті/
Өмірімізді қуанышты да бақытты шақтар көп болу үшін бір-бірімізбен достықта, татулықта болғанға не жетсін.
• Қиын кездерде бір-біріне көмек көрсетіңдер.
• Досыңды алдамай, оған адал бол.
• Досыңды қорлама.
• Досыңмен қызықты шақтарды бөлісе біл.
• Досыңды барда да сына, жоқта да сына.
• Досыңның кемшілігін кешіре біл.
Балқаш қаласы ЖББ №24 орта мектеп
«Дос және достық»
Өткізген: Кәрібай Б.Қ.
Балқаш 2015